14.05.2022
  130


Автор: Ахмет Өмірзақов

Біздің сыр

Сен де шəйір,
Мен де шəйір – панасыз,
Бізді о бастан солай туған Анамыз.
Арманға да қол созамыз сондықтан,
Арға пенде ғұмырменен ғана Біз!..
«Ойлы адамға қызық жоқ» та, көп «атақ»,
Сыртымыздан сөзбен атып бағады-ақ.
Бірақ, ешкім жанши алмас,
Өйткені –
Рухымыз көкте біздің, Бегабат!
Қағылсақ та дулы ортадан шетке көп,
Бір Нар талап жебеп Бізді – көктеп ек.
Көлеңкеден тайсалғанда талайлар,
Біз тажалмен жүздескенбіз бетпе-бет!
Тəңір сыйы – От Жүрек пен Тіл барда,
Кіріптар боп күн кешпейміз Құлдарға!
Əлі-ақ əркім күрсінеді көз салып,
Бізден қалған дəптердегі мұңдарға…
Табыстырған Біздерді бір қиырдан,
Тағдырда да мейірім бар жиылған.
Бір-біріне сүйеу болу бақыты –
Қашанда тек қайсарларға бұйырған!
Аман тұрса мынау Дала, мына Көк,
Біздің арман таста гүлдер қына боп!
Біз – Қазақтың дəл өзіндей Бүтінбіз,
Кірмейді ешкім ортамызға сына боп!
Асқақ арын саздарынан күй ұққан,
Намыс тұрса жүрекке бұл құйып қан, –
ТУҒАН ЕЛ деп,
Тура сөйлеп өтерміз,
Сертті күні бас кеткенше иықтан!
Найзасының ұшындай боп Халықтың,
Туылып ек,
Оған куə – Жарық Күн!
Жырдың Туы сақтар ма екен киесін,
Бізге көзі түскен кезде Даңқтың?!.
…Темір етікті жұқартып сан теңгеше,
Темір таяқты тебен қылдым мен неше?
Ұмытпапты – өлсең ғана іздеуді Ел,
Бұл ғасырдан баға күтпе ендеше!





Пікір жазу