14.05.2022
  177


Автор: Ахмет Өмірзақов

Ана тілді қорғау

Жыр қамалым қирағанда Сел жүріп,
Өртегенде өр кеудемді Шер-Бүлік;
«Менің Ана Тілім – Қазақ Тілі!!!» – деп,
Атойлап ем басып тұрып жерді нық. –
Құлағына ілмей бірақ онымды,
Талай дүлей таптап өтті жолымды.
Дауа таппай мына сұмдыққа сонда,
Жүрек-Намыс жарылардай қорынды.
Аяқ асты… жатса асыл сөз күйреп,
Болмай қайтем морт сынардай, тез күйреп?
О, Тіл-Ана,
Қалай таптың ұл-қызды,
Өз Анасын көзге ілмейтін безбүйрек???
Ана Тілім,
Күнім – алтын арайлы,
Сен емес пе ең жырдан өрген сарайды?!
Сен емес пе ең ұлы өмірге сыйлаған,
Дүлдүл Жамбыл, Махамбетті, Абайды?!
Жерде тұрып жазған анау Айға атын,
Сен емес пе ең аспандайын айбатым?!
Сен емес пе ең,
Танытқан шын өзінің
Əуезов боп алты əлемге қайратын?!
Семсер сөз боп – серпіп бұлтын қайғының,
Жарқыратып Ақиқаттың Ай-Күнін, –
Арпалысып небір зұлмат заманмен,
Бір халықты сақтап ең ғой, Айбыным!
Енді мынау қатал тарих тезінде,
Айтылып тек шер-мұң болып сөзімде;
Миллиондаған ұрпағыңа қарайлап,
Қамқор таппай қамығатын кезің бе?
ЖОҚ! –
Басыңнан кетпес жарқын жылдарың,
Кетірмес те Сен туған сан Жыр-Дарын!
Сенің мəңгі екендігің айғағы –
Менің оққа кеуде тосып тұрғаным!!!





Пікір жазу