Домбыраның санасы
Күмбір етті домбыра, дір-дір етті жүректер,
Кеуделерден ышқынып безіп кетті түнек-шер.
Пернеден үн суырған құдіретті қос ішек,
Алып ұшты сезімді аспанға анау – төсі көк!
Əуен деген тылсымның ұясы – күй-шанақта:
Дүрсілдейді тұяқтар, сусылдайды қанаттар.
Қара тасты қақ бөліп – шақылдайды құрыштар,
Қара түнді қақ жарып – жарқылдайды қылыштар;
Ұлы күшке үн қосып – ұрандайды ұландар,
Шыңнан төмен шаншылып – сорғалайды қырандар.
Сонда жынды жел болып – тау-тасыңды сілкілеп,
Құйындатып, біресе, ақ жаңбыр боп дүркіреп, –
Дүбірлеткен кең төсін ен Даланың – Киелі,
Баба-саздан бас алған бұл ғаламат Күй еді!
Бұл ғаламат Күй еді – Домбыраның тиегі –
АҚИҚАТ деп жырлаған Һақ Жаратқан Иені!
Сол Ақиқат самал боп Жан мен Тəнді өпкенде,
Бір жүректен ұшқан күй мың жүрекке жеткенде, –
Шаттық болып, Мұң болып – қуандырып, қорқытып,
Сол Сырлы Саз əркімді жатты əрқалай толқытып…
…Күрең тартты Қария – жанарға мұң түнетіп,
Сезді ме екен кеткенін небір қимас күні өтіп?!
Жаулығымен бір Əже көз аясын сыпырды,
Немересін бір иіскеп, айтты ішінен «шүкірді».
Қозғалақтап қояды Отағасы – жас кісі,
Делебесі қозғанмен келмейді аузын ашқысы.
Жанарында нұр тұнған ана қаздай Кейуана, –
Қалт жібермей күй сазын отыр үнсіз ойлана.
Алма беті алаулап, толқиды Ару нұрлана,
Жүрегінде жанғандай лапылдап От – бір, жаңа!
Қыран келбет Жігіт те жұдырығын тас түйіп,
Əлдеқайда – қиянға қарап қапты қасқиып…
Бейне құтты шақтай бір – Бал елгенде У қашқан,
Бала біткен тым-тырыс – күн таңдамай шуласқан.
– Қайталанбас бұл сəтке тимеген жөн, тимеген,
Тыныстасын Дүние тылсым тілді Күйменен!
Əмірімен Тəңірдің Нұрды – Көктен құйылған,
Өз тілінде сөйлету – Домбыраға бұйырған!
Домбыраға бұйырған – Һақты көру қиырдан,
Сыр болмайды сондықтан сазында оның – сұйылған!
Жерге қағып желікті – күлдірмейді Домбыра,
От демімен шау тартқан күнді үрлейді Домбыра!
Жұмбағына сүңгітіп – күмбірлейді Домбыра,
Уақытыңды – жылжыған – білдірмейді Домбыра!
Дерт біткеннің дауасын тақтан түспей нұсқаған,
Падишасы Өнердің – басынан Бақ ұшпаған! –
Неткен биік, неткен кең Домбыраның Санасы, –
Демін алмай мүлгіп тұр Аспан – Жердің арасы!
…Дала – жым-жырт.
Жел – үнсіз.
Үнсіз ғана тыңдай ма?
Бар тіршілік қимылдан тиыла ма мұндайда?
Дыбыстамай аңдар да,
Ұшпайды құс қалықтай,
Қасиетті үн-сазды тыңдай ма олар жалықпай?
…Таулар жұтып қойғандай жаңғырығын – дауысын,
Су біткенде сылдыр жоқ – тоқтатқандай ағысын.
Толқындарын тұтқын ғып – мөлдірейді тəмам көл,
Ұйықтап кеткен сияқты сабырсыздау самал жел…
Əлем – қазір бейне бір үнсіз, жансыз сүгірет,
Өңінде оның тек қана Қан болып Күй жүгіред!
Жөн десең де жалғанда күн кешуді тұсалмай,
Тоқтар болса мына Саз – көзден бір-бір ұшардай!
Неткен бұл бір қимас сəт – өте шыққан жаңғырық,
Уақыт-сəті – қас қағым,
Қуат-күші – мəңгілік!!!
Отырғанда осылай – ойдың шамын жағып мың,
Амалсыздан «аһ» ұрып дəргейіне Уақыттың, –
Сəлден кейін шиыршық атып барып күй тынды,
Ғайып болды ғажап сəт,
Елес қалды сиқырлы…
Ғайып болды – қыс күні – түске кірген көктемдей,
Ғаламат Саз Жер – Көкті күймен жуып өткендей!..
Босатты да уыстан құдіретті Күй – Құран,
«Ү – уһі» деді ғаламшар оянғандай ұйқыдан.
Қайта соққан қан тамыр қозғағандай Əлемді,
Бастады айта əр Жанды – өзіне тəн Өлеңді!
– Таулар кетті жаңғырып, сулар ақты шуылдап,
Аңдар шықты ақырып, құстар ұшты суылдап.
Сергігендей селт етіп – Жел де соқты уілдеп,
Əркім қостап өз сөзін, жиын кетті гуілдеп.
Біреу жатты жымиып, біреу жатты күрсініп,
Біреу қағып таңдайын, біреу шықты құлшынып.
Үлкен Жолға үздіккен Үмітіне нұр сіңіп,
Қалыбына бұрынғы қайта келді Тіршілік!
…Орман – ойда мен қалдым орынымнан қозғалмай,
Буырқанған бір тылсым бұлттан қолын созғандай!
Бұлттан қолын созғандай – əкетердей аспанға,
Ап қалардай ұйқымды жерге қайта тастарда!..
…Құлағымда – Саз-Кие,
Көзімде – үнсіз Дүние,
Жанның жібін жалғадым Ұлы Рухтың күйіне!..
Күй – құдірет күмбірін кім құлаққа ілмеген? –
Сыбырлайды Ол маған кеп Өзіне Тəн Тілменен:
«Ібілістің ізіне У берсе де ермеген,
Адамдығын алтынға айырбастап көрмеген;
Кеудесінде Жан барда бүтіндікті бөлмеген,
АҚ КҮЙІҢДЕ қал мəңгі – Ақиқатқа шөлдеген!
Таңда – Мақшар таңында тасқа тимес табаны,
Аласармай алса кім адалдықтан бағаны!…»
Қаңқу құмар құлаққа естілсе де бұл ағат,
Күйдің сазы басқаша бере алмайды ұлағат.
«Ардан басқа асылға ғазиз басты име!» – деп,
Сарайына жүректің кірді осылай Күй – «Бекет».