14.05.2022
  150


Автор: Ахмет Өмірзақов

Абай-Мұхтар биігі

«Абай-Мұхтар!» –
деп жыр бастау – міне, сын!
Олар жайлы қалам тербеу үшін, Дос,
Болсаң да шын дарынды,
Тежеп қызу арынды,
Оң – солыңа қарап Қыран көзбенен,
Жүрекпенен – алдамшыға төзбеген,
Тілекпенен – ақ үміттен безбеген, –
Тəуекелдің қайығына мінесің!
Өміріне үңіле алсаң
Абай менен Мұхтардың,
ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДАНАЛЫҒЫ –
Қанша жыл –
ҚАСІРЕТТІҢ ТОРЫНА
ҚАМАЛҒАНЫН білесің!..
Олар – сенің Арың шын,
Ар туралы адал, асқақ сөйлемей
Күдіктерден көңілің қалай арылсын?
АБАЙ-МҰХТАР
Белгісі –
ГЕГЕМОНДЫҚ БИІГІНДЕ барыңның!
Рас болса мəңгілігі Өнердің,
АБАЙ-МҰХТАР ОЯТҚАН
ДАНАЛЫҒЫҢ
Сенің қалай көнерсін?!
Біз халықпыз,
О бастан –
Маңдайына жазылмаған сөнер күн!
Сондықтан БІЗ –
Қара күшке ерік берген заманда,
Өзімізді өрлеткенбіз –
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен!
Ал, бүгінде –
Парасаттың
Ұлы Көші шеру тартқан заманда,
Сөзімізді төрлетерміз –
Ақ Жүректің күшімен,
Ақ Қаламның ұшымен!
Алды-артыңа қарасаң –
Үмітсіздік жанды қажап, өкініп,
Себебің жоқ азып-тозып, аритын.
Өлең болып төгіліп тұр, төгіліп,
Тасқа жазған Тарихың!
Жалғандықтан шегініп,
Ақиқатқа бекініп,
Енді, міне, Əлемнің
Келді кезі Өрлігіңді танитын!
О, қайсар, ер Қазағым,
О, жайсаң төр, Қазағым! –
Дəуір, Қоғам саған қанша
Қиындығын артса да,
Тексіз тобыр кейде саған
Теріс қарап жатса да, –
АБАЙ БАРДА
АЛҚЫНБА,
МҰХТАР БАРДА
МҰҢАЙМА!
ДƏЛ ҚАЗАҚЫ ҚАЛПЫҢДА,
ЖАҚЫНСЫҢ СЕН ҚҰДАЙҒА!!!
Далаң сенің киелі,
Күмбірлеген күй елі.
Білмейді ешбір жүйені.
Тауларыңның өр басы,
Бұлттың төсін сүйеді.
Ормандарың – шулаған –
Тəңір тартқан сый еді!!!
Соның бəрін сақтаған –
Һақ сенімін ақтаған:
Арыстанын патша ғып,
Жолбарысын сатпаған;
Қырандарын самғатып,
Аққуға оқ атпаған,–
Бабалардың асыл текті сүйегі!!!
Сол қасиет Арға аманат десең Сен,
Лайық Ұл бол ұлтыңа,
Лайық Қыз бол ұлтыңа!
Елім! – деген пəк жүрек,
Елім! – деген кеудеңде
Ыстық қаны бұлқына,
Соғып тұрсын жұлқына!
Асқақ та Сен, Азат та,
Құдірет те Сен, Ғажап та!
Тек Мəрттік пен Батырлық,
Қайсарлық пен Батылдық
Мекендейтін
Анау Асқақ Кеудеңе, –
Жасықтықтықты,
пасықтықты,
ездікті,
Жалғыз сəт те жасатпа!
Қазақ болып дүниеге келгесін,
Қазақтыққа көну керек,
Қазақ болып өлу керек қазаққа!!!
…Жан-Жүрегін тербегенде
ЖҰРТЫМ деген Күй – Ұлы,
Ел жүгінен талмайды ешбір
Ер жігіттің иығы!
Тəрк етпегей кеудемізді ешқашан,
Мəңгілікке бастаған –
АБАЙ-МҰХТАР БИІГІ!!!





Пікір жазу