14.05.2022
100
Көктем келдi, дәл баяғы көктем бе?
Көктем келдi, дәл баяғы көктем бе?
Жаңартумен ескi елестi, жол тартамын өткенге.
Бала шағым сағындырды, өзен, тау да, көк бел де.
Болашақты армандаушы ем, есiп самал өбкенде,
Қиялымды серiк қылып гүл терушi ем бөктерде.
Дос таба алмай сыр айтқанмын ағаштарға, шөптерге.
Мұңаюшы ем мен де аспанмен жерге моншақ төккенде,
Қимастықпен төбемiзден құстар ұшып кеткенде.
...Өзгерiссiз қалыппын ғой сол баяғы өткелде,
Жанымды ұғар, жақын тартар сырлас әлi жоқ менде.
“Iздегенiң табылмаса, – дейдi өмiр, – кектенбе”.
Бұл жалғанға жоқ та шығар мұңым, назым, өкпем де.
Қанағатсыз адам, шiркiн, мұратына жеткен бе?