14.05.2022
  144


Автор: Құралай Омар

Жалғыздық

Жігерді жасытып, бордай боп үгілем...
Қажыдым өмірдің сынынан, жүгінен.
Жырларым тамшылап жанардың түбінен,
Түнімен
Жыртылған жүректі жамаймын
Үзілген үміттің жібімен.
Күрмеуге келмеді қып-қысқа, шолтаңдап,
Тынысым тарылды, ащы өксік қолқамды ап.
Алыста түсінер достарым, ортам қап,
Сіз жайлы мөп-мөлдір армандар шақырып,
Асыққам...
Нем бар ед жол таңдап?!
Кеттіңіз таусылмас қиялды келтелеп.
“Бірге енді боламыз” деп сізге еркелеп,
Вокзалда аяусыз жылатқан жалғыздық,
Бұл жаққа жетіпті менен сәл ертерек.
Тағы да күйдірді, өртемек...
Ұзаққа бармады бақытты күйім де,
Жалғыздық жүр екен сіңілімнің үйінде...





Пікір жазу