Қара ертіс, қайран ертіс
Алтайдың Тарбағатай тұғырындай,
Бұлақтың мамырдағы тұнығындай.
Қара Ертіс,
Қайран Ертіс сылаңдайды
Сұлудың толқынданған бұрымындай.
Сайраны сарыбелдің сағымындай,
Алтайдың алтын құсақ тамырындай.
Шыңғыстау шырағданын жақты мәңгі
Қазақтың жанындағы жарығындай
Бірсалар анашымның киізіндей,
Келеді көңілімнің күйі үзілмей.
Шығыста қасиетті бәрі-бәрі –
Марқакөл маралының мүйізіндей.
Жүгіртіп жүректегі киігімді,
Жырыма іздеп келдім иірімді.
Ақынға төге алмасаң мейіріңді –
... «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді»...
Шалғыны шашыраған шалғайында
Сырымды ақтарайын тал-қайыңға!
Шөлімді Сұңқарбұлақ қандырар ма
Сауыр мен Сайқан таудың баурайында.
Өскелең Өскеменнің мәрт өңірі,
Ұлының тауда туған тау көңілі.
Үшеуміз бір ақ өлең жазатынбыз –
Ұлықбек,
марқұм Нұрлан Мәукенұлы.
Сол жырдың адалдық ед тақырыбы,
Жылдардың шаршатты ма шақырымы.
Алтайдың алшы түсер асықтары –
Арқаның ардакүрең ақын ұлы.
Мен келдім жанымда жас,
жанарда мұң,
Көрдің бе көңілімнің қабарғанын.
Толғатқан толқыныңмен тербе мені
Қара Ертіс,
Қайран Ертіс,
Қара орманым...