Бір тал үкі
Гүл жайнап әнге басса гүл-гүл өрен,
Кешеден қалып кеткен бұл бір өлең.
Басында сол қалқаның бір тал үкі
Үп етіп жел сыйпаса үлбіреген.
Шемені байланғандай шерге бейне,
Бұл қазақ сезімсізді пенде дей ме?
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Көкеме қосыламын мен де кейде.
Аумасын бір күнінен бір күн мейлі,
Ән салса қайран көкем іркілмейді.
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Үрия үміті боп үлпілдейді.
Белдерден ән ұшырған бетегелі,
Бал еді сол бір күндер
шекер еді.
Басқанда «Қамажайға» ара-тұра –
Көкем де көріктей боп кетер еді.
Елігі ен даланың дүздерде өрген,
Жүгірген Сіздер салған іздерменен.
Ойлаушы ем,
- бір тал үкі қандай үкі –
- Қамажай кім болды екен біз көрмеген?
Маңайын шомылдырған нұрлы арайға,
Көкемдей көрік кеуде мырза қайда?
Бөркіне бойжеткеннің Үкі қадап –
Үмітін үкілеген үр жаңа Айда.
Жіберер жанымызды мұңға малып,
Ән еді,
Әуені де бір қаралық.
Көкемсіз көктем келді талай-талай
Үкідей үркіп қашқан жылдар ағып.
Адамның уысында тұрмайды Арман,
Әуелеп өткен солай жырдай жалған.
«Басында Қамажайдың бір тал Үкі»...
Аман-сау алып қайтқан сұм майданнан.
Шырқаса тербелгендей шынар бағы,
Аққудың сұңқылдайды сыңарлары.
Қарғам-ай,
бір тал үкі...
Жарықтықтың –
Жарыққа жағып кеткен шырағданы.
Не деген жақұт жыл ең,
лағыл күн ең,
Базары балалықтың бағым білем.
Ақ көкем,
Қамажай қыз,
Бір тал үкі...
Ар жағы сағыныш пен сағым кілең...
...«Басында Қамажайдың бір тал үкі»