Сенің күнің
Сенің мұңың, жаным, мұңым менің де...
Сенің күнің төбемізде төгіп нұр,
Тұтастықты бейнелеуге біздегі,
БІЗ деген сөз жеткіліксіз болып тұр...
Сарқылмас деп ойлаушы едім,
біздің сөздің бұлағы,
Баламаны санам таппай тұр әлі.
БІЗ деген сөз – бүкіл сөздің бастауы,
БІЗ деген сөз:
СЕН және МЕН құрамы.
СЕН жылытсаң, ант етемін тоңбасқа,
Саған ердім, маған жоқ-ты жол басқа!
Қабырғаңнан серік жасап бермеп пе ед,
Сені Құдай жаратып ап оу баста?
Мұны Кітап, мұны жылдар дәлелдер
Ей, Қабырға!
Бас иеңе сәлем бер!
Бұл жалғанда болмақ емес бақытты,
Өз тәнінен өзі безген әйелдер.
Бүкіл ұрпақ Адам ата милләтінен тараған,
Бәрібір де бірінші адам – сол адам!
Өздері үшін қылыш жасап болаттан,
Біздер үшін бұйым құйған
Алтын, күміс, қоладан...
Біздер үшін шайқасты олар, тер төкті,
Біздерге арнап өлең жазды,
Ойлап тапты ертекті
БІЗ деген сөз тым бағалы, ендеше,
Бағалайық, бағалайық ЕРКЕКТІ!!!
...Сенің жауың – менің жауым, жарығым!
Сенің үйің – менің үйім,
Досыңмен де достасам.
СЕН және МЕН:
БІЗ сөзінің құрамы.
МЕН және СЕН болмайды ол ешқашан!