Ақ келін
Бір-ақ күнде қуантып қос ананы,
«Сыңсу» айтып, қыз-көңіл босағаны...
Әлпештеген әкеңнің аппақ қызы ең,
Ақ келін боп аттадың,
Ақ келін боп аттадың босағаны.
Аппақ гүлдей ағашқа жаңа біткен,
Үлбірейсің...үміттен жаралып па ең?
Басқа тойлар бастауы бүгінгі той,
Бүгінгі той – қоштасу,
Бүгінгі той – қоштасу балалықпен.
Шауып кетіп барады құлын күнің,
Сен бойжеттің, осыны ұғын, гүлім!
Ақ дастархан үстінде ақ бата алып,
Жаңа өмірдің ашасың,
Жаңа өмірдің ашасың шымылдығын...
Сәлем салып, басыңды ие бердің,
Қолтығыңнан сол сәтте сүйген кім?
Міне, сондай жеңгелер жолын қуып,
«Ана» деген жақсы атты,
«Ана» деген жақсы атты иемденгін!
Ата-енеңді құрметте, отағасын,
Берік қылып осы үйдің босағасын
Ақ ниетпен отқа май тамызған соң
Шаңырақтың шаттығы,
Шаңырақтың шаттығы – от-анасың!