14.05.2022
  191


Автор: Назира Бердалы

Қолымда менің Жер шары!...

Қолымда менің Жер шары!...
Сол шардың үлкен бөлігі,
Паһ, шіркін, неткен жерім кең!
Кетсе де көзден,
Кетпейтін мәңгі көңілден
Орыны қалған Орынбор,
Керегем едің керілген,
Қабырғам едің сөгілген...
Еділден ұшқан аққудай болып,
Аралға жайдым қанатты
Бойына Сырдың астана қонды,
Тағы бір жаңа таң атты...
Атқан таң сосын Алматы болып,
Көңіліме күнін түсірді
Өліара шақта Астана-Арманын
Алатау жаққа ұшырды.
Алматы – менің жайқалған жасыл
Мәңгілік көктем, жас қалам.
Алпыс тоғыз жыл салтанат құрған
Оңтүстіктегі астанам!
Алтын күн оған шапағын шашып,
Қыран құс ұшқан көгінде
Ақтангер-арман пыраққа айналып,
Тігілген байрақ төрінде.
Көк аспан түсті
Көк байрақтағы көрдің бе құсты?
Қыран боп сонда ұшқанмын.
Алматы – тұңғыш астанасы еді
Тәуелсіз Қазақстанның!
Алматы – менің аяулы қалам,
Мәңгілік жырлап өтермін
Уық боп көкке қадалдың дағы,
Биік қып шаңырақ көтердің!
Енді менің үйім бар,
Отаным бар!
От боп жанам, керек пе – от алыңдар!
Енді менің туым бар!
Ұлым да бар!
Елін сүйген ұл барда, азатпын мен!
Естимісің, беу, Дүние!
Қазақпын мен!
Қазақтайын халыққа
Дархан дала берген,
Жарқын сана берген,
Төрінен орын берген,
Өшпейтін өмір берген
Жаратқан, саған бас ием!





Пікір жазу