14.05.2022
  130


Автор: Назира Бердалы

Жоқ! Сенбеймін!

Жоқ!
Сенбеймін!
Жай ғана бұл ән шығар...
Айдын-көлге маржан-жасым тамшылар...
Аққуларда бағзы кие қалған жоқ,
Аққуларды ата беред аңшылар.
Мөп-мөлдір көл мөлдір мұңмен жуылды...
Неткен таза, неткен нәркес туынды!
Бірақ, бұл тек ән боп қалған бір аңыз,
Аққуларда адалдық жоқ бұрынғы...
Сыңсымайды ол, айырылса сыңардан,
Аққу – арман, ән де арман, жыр – арман...
Ақ ұлпаны қарша шашып арсыз түн,
Айдың нұры аймалайды,
Шыққанынша құмардан...
Таныс дауыс естіледі,
Аққу-мойным бұрылды...
Сол баяғы ән екен ғой...бұрынғы...
Айдын көлмен жүзіп кетіп барады
Бағыты жоқ бұрымды.
Ұғынсаң-ау сырымды,
Сезінсең-ау жалғыздықтан аласұрған түнімді...
Айна-көлге, ақ жүзіме қараймын,
Қанатымды әлсін-әлсін тараймын...
Бұрынғыдай ақ болмаймын,
Пәк болмаймын енді мен...
Бәрібір де... қазынасы сарқылмаған
сараймын.
Аққу емен...
Гәкку емен...
Сенбе мейлің, сен мейлің...
Жүрегімде тірі жанға тән бір үміт өлмейді...
Жылжиды аққу.
Жылжиды өмір.
Білесің бе,
Менің де
Дүниеде
Жалғыз қалғым келмейді...





Пікір жазу