14.05.2022
  142


Автор: Назира Бердалы

Сонау шыңның басында нақ тұрағы...

Сонау шыңның басында нақ тұрағы,
Тау өзені тентек қой, ағын – күші.
Сандық, қобди тастарды лақтырады,
Тек өзіне жол салып алу үшін.
Менде байлам жоқ, сірә, сенде – тоқтам,
Талай саған мұң болып жұтылып ем...
Буырқанып, бұрқанып бірге соққан
Алпыс екі тамырдың лүпілі ме ең?
Күре тамыр, өзенім, өзіңсің ғой
Ақын айтқан «сулардың гөзелі» деп!
Тау өзені, сен – мендік сезімсің ғой,
Ауысар толқын-толқын кезегі кеп.
Сондай-ақ, Ақын бекер атамаған
Өмірді - «өзен», «таудың өзені» деп...
Жал-жал толқын ауады, жыл көшеді,
Сонда да алға қарай талпынарсың
Бәрібір Күн өшеді.
Біз де өшеміз...
Тау өзені, сен дағы сарқыларсың.
Сақыр-сақыр қайнаған мұз дәмді су
Мен түсінер бір тілде үн қатады,
Үн қатады, жүректі жырлатады...
Бұл жыр туған тек алға асығудан!
Айналдым сен сияқты асылымнан –
Тәңірімнің көз жасы жасырылған...
Жартылай жас, жартылай тентектіктен
Жаратылған жаныңды ұнаттым шын!
Тау өзені, мен сенен ертек күткем,
Ал сен...маған ұқсайтын сияқтысың...





Пікір жазу