13.05.2022
  411


Автор: Назира Бердалы

Тағы бір күн...

Тағы бір күн...
Тағы бір күн сүрілді.
Тереземді ұрланып кеп Түн ұрды.
Меңірейген тыныштықта жалғызбын.
Сахнаның шымылдығы түрілді.
Біз - әртіспіз!
Біз - әншіміз!
Ақынбыз...
Ойнап жүріп ақылдымыз,
Ойнап жүріп батырмыз.
Ойнап жүріп көріктіміз,
Ойнап жүріп жақынбыз...
«Жер» аталған үлкен-үлкен пәтерді
Жалға алып, өмір сүріп жатырмыз.
Үстел үстінде суыған тамақ,
шәйнек, гүл...
Сағынсаң, Түннің орнына келіп,
әйнекті ұр!
Көрерменсіз зал көңілімдей менің
бос қалды.
Жарықтар сөнді.
Сүртілді грим.
Сау боп тұр!
Келесі бір күн...
Ол күнді де Түн тағы ұтты.
Тек төрт қабырға
(Еске салатын табытты...)
Мен бұдан былай ойнай алмаймын,
Кешірші!
Мені бұл рөлім қажытты...





Пікір жазу