13.05.2022
120
Тағы да көшедемін...
Тағы да көшедемін.
Егер мен жанған бір тал
шырпы болсам,
Әлдеқашан түн жұтып, өшер едім.
Гүл емеспін мен бүгін, бетегемін.
Етегімді ашқан желден қорғанып,
Жағамды көтеремін...
Көше кезем,
Ешкімге жолықпастан.
Мен бүгін ұстамай-ақ қолдарыңнан
Қадамымды толық басқам.
Өзгергім келеді.
Өкінуден, өзіңді жоғалтудан
қорықпастан.
Несіне қорқам, рас,
Кезігуге сен емес, басқа жанға?
Бәрібір біреулерге тәуелдіміз
Тәуелсіз – төбемізде Аспан ғана...
Солай, досым, енді біздер бөлекпіз,
Ал мен енді ақ қайыңмын желексіз.
Енді маған райханың да,
Айқайың да керексіз.
Осы түні мен жоғалам...
Қарға айналып,
Жүрегім қонады да суық бағанға.
Мұзға айналып, сын сағат
жуықтағанда,
Ешбір құшақ, ешбір жыр
жылытпағанда
Өзің мені сағынарсың...