Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған...
Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған,
Басы кеткен салбырап – қойторыдай болдырған.
Бір жапырақ байғұсқа салмақ бітті мүмкін бір?!
Кім түсінген, әйтеуір, аспанда бұлт, күн күңгірт.
Терегім-ау, терегім!
Көз алдымда өспеп пе ең,
Думан күнің қайда еді ерте келіп, кеш кеткен?!
Жадыраған жанары – «көктем» деуші ед сол күнді
Есіңде ме көк аспан көк бұлттары жөңкулі?
Бұтағыңа қонақтап әнші құстар бармақтай
Ғашық жырын шертетін көктемге арнап жұмбақтай…
Уа, құдірет, құдірет!
Ғашық болу ғажап бір
Гүл өскендей ырғалып түнегінде тозақтың.
Ақ пен қара алмасқан сұрқай күндер ішінде
Махаббаттың шарпуы шұғыласын түсірген!
Сұп-сұр болып ырсиған қолдарындай кемпірдің
Тамырыңа қан жүріп, бұтағыңа өң кірді.
Сен көктемге ғашық ең,
Ғашық едің керемет,
Ғашықтығың соншалық – тіл байланды, не керек?!
Көздің жасы секілді ытқып шықты жасыл бүр,
Сол жасыл бүр бір күні жапырақ боп ашылды.
Мың жапырақ – мың жүрек!
Еріндері үлбіреп
Самал желін көктемнің есі қалмай сүйді көп.
Әттең, дүние, өткінші, ештеңе жоқ тұрақты,
Көктем кетіп қарамай, терегімді жылатты.
Көктем қайтсін теректі, жүрген жері жасыл бүр,
Ғашық қылып талайды мойындамай қашып жүр.
Сұлулардың серті сол – сүйдірсе де кінәсіз,
Жүрегіңді жалын ғып күйдірсе де кінәсіз.
Мамыр-маусым артынан жадыраған жаз өтіп,
Сен жайқалдың, жапырақ, айналаңды мәз етіп.
Ғашық болу – ол да бір өмір сүру әдісі,
Өз-өзіңмен бол бірақ, махаббаттың бағы үшін.
Сүйдіргені үшін-ақ мың алғыс айт Аллаға,
Жоғалтасың сезімді салар болсаң саудаға!
…Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған
Салбырайды жапырақ – қойторыдай болдырған…