13.05.2022
  159


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Сен өмірге келмей-ақ қой, сәби мұң...

Сен өмірге келмей-ақ қой, сәби мұң,
Дала аңсаған баласындай тар үйдің
Қарап жүрмей бақыт тауып аларсың
Бас қатырған тірлігінен фәнидің.
"Кешір" деме сәулесімен кешкі үннің,
Сенің махаббатыңнан соң ес кірді.
Мен періште емеспін ғой күнәсіз,
Ол да бірақ кінәламас ешкімді.
Мұңға батқан жандай сұлу, қайғылы
Бұған тіпті теңдесе алмас Ай нұры.
Осы сезім Құдай сынды тым жұмбақ,
Құдай сынды - бәрінен де әйгілі.
Жалықтым ба бақыт уын ішуден,
Мұң алдында болады ылғи күшім кем.
Қуанышты тым алысқа ұзатып,
Сүйсем болды "қош" деп тұрам ішімнен.
Ойхой, жалған, кездесеміз біз қашан?!
Жығылған ек өмір атты мұзда сан.
Қай кезде де созуға әзір қол үшін
Сен алақан боласың ғой мұздасам.
Нұрдан аппақ, мың күлтелі жаны - гүл
Жерден бақыт іздемеші, жарығым.
Жерұйықты таба алмаған Асандай
Жерден бақыт таппайсың ғой, бәрібір...





Пікір жазу