13.05.2022
  158


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жүрмісің аман, аруым...

Жүрмісің аман, аруым,
Көңілден кетпес көктем ең.
Жанымның жинап даруын
Кеудемде гүл бар көктеген.
Кеудемнің гүлі тым нәзік,
Өзің деп қойдым есімін.
Сыр айттым сосын мұңданып
Таба алмай жүрек шешімін.
Қатал-ау біздің өмір бұл,
Қаталдық еткен өзім бе...
Ұмыт та бәрін көзіңді іл
Шуақтап мендік сезімге.
Айтатын саған сырым көп,
Айта алмай қалсам өкінем.
Айым боп қалшы дірілдеп
Көңілім көлі бетінде.
Жанымды менің білесің,
Сезімге сендік тым ұқсас.
Өзіңнен басқа бір есім
Жүректі сендей жылытпас.
Аяулым, сенен өтінем,
Алыстап кетіп жылатпа.
Мәңгілік осы жеті рең
Қалпыңмен қалшы тұрақтап.
Жанымда мәңгі қал солай,
Жырлаумен сені өтейін.
Білемін сүймей, аңсамай
Өмірдің бекер екенін.
Сүйгенім сені бақытым,
Көкірегімде сазы бар.
Жанымның жырын - жақұтын
Кеудеңе сен де тағып ал.
Қолымнан келмес өшіру,
Шығарам сосын жыр жазып.
Өзің деп қойған есімін
Кеудемнің гүлі тым нәзік.





Пікір жазу