Қысқы әңгіме
Сақылдаған сары аяз, қаңтар ма екен?
Аяз ата ашуы тарқар ма екен.
Біздің дала - маң дала, маңғаз дала
Бурыл жалды бөрілер жортар мекен.
Жалғыз үйдің жел үрлеп мұржасынан,
Түтіннің тартып ойнар шудасынан.
Жалға біткен жалғыз үй - қойшы ауылы,
Танисың қарақшылы ауласынан.
Шегіне жетіп күндік тірлігінің,
Соғымның қазанға сап бір жілігін
Кешкісін мамыражай отырамыз
Жалғанның сол қызығы - біздің ұғым.
Қыраулы терезені жел тырмалап,
Шопанның жары отырар салқынқабақ.
Дала суық, үй-дағы қарасуық,
Мұндайда темекіңді тарту да ағат.
Салқынқабақ жібісе жаз келеді,
Шопанның қарасирақ мәз бөбегі.
Дастарханды ортаға ап білте шаммен
Айтамыз кәкір-шүкір әлденені.
Еріксіз қабағыңды мұң басулы,
Сағынасың досыңды, қимасыңды,
Далада долы боран күркірейді
Қаңтардағы жараған бура сынды.
Долы боран еліріп қылған әлек,
Ышқынады "өзгені тыңдама" деп.
Күннің жайын сөз еткен әңгімеміз
Өз-өзінен тірелер бураға кеп.
"Дәл осы қаңтар еді бәлең басы,
Еске алсам тікірейер төбем шашы.
Келеде жарап жүрген кер үлектен
Қара атпен құтылғанмын әрең қашып."
...Қонаға кеп, көрпеңді жамылғасын
Ойланасың ойлы сөз табылғасын.
"Түйеге қайдан келген шайпау мінез
Қыңқ етпеген сөксе де қабырғасын.
Қаңтардың мінезінде жатқан ба сыр,
Моп-момын байғұсымды еткен батыр.
Аяздың аярлығын мазақтай ма
Өзінен төзімді ешкім жоқ болғасын."
Қыраулы қыстың ұзақ таңы атарда
Түндегі арыла алмай қабат ойдан,
Бір шәлкестік күткендей өзгешелеу
Қорқасоқтап барамыз қара атанға.
Қара атан - шөпке жегер күш көлігі,
Жау жайқар кеудесі бар біткен ірі.
Дір қағып, қарғып тұрар қар астынан,
Жатпайды біздегі ойдан түк те біліп.
Көңілің құлазиды тоқым ауып,
Қойғандай қарақшылар атың алып.
"Қаңтары бұл заманның қаншық сынды,
Бурасы бұл заманның бақырауық."