Көктем
...Алматыға көктем келді бусанып,
Бәйшешектер бұзып қардың құрсауын,
Далама да жеткен шығар бұл көктем,
Көгалдарда жасыл-жасыл бүр көктеп.
Көкжиекте сағым тұр ма селдіреп,
Көптен күткен көгілдірің келді- деп?
Жыл құстары оралды ма топ-топ боп?
Көкке ілінген тоқты-торым екпеттеп
Жатқан шығар.
Көктем келіп бусанып,
Аспан жақта толғата ма тұмса бұлт?
Ақ жаңбырмен жібіп қырдың жусаны
Жаңа көкке жатқан шығар мұң шағып.
Қардың суы жиылып бір сайларда
Той жасайтын құрбақалар тайраңдап
Далам менің!
Қасиетті үн кезген.
Кемпірбайдың кеудесінен бір кезде
Қош- деп ұшқан көгала үйрек жеткенде
Қолым бұлғап қарсы алушы ем көк белде.
Кім қарсы алды биыл сені мен құсап?
Ұлыңның да даласына келгісі-ақ
Ойы бар-ды.
Алыста жүр ол бірақ,
Армандаумен арып болды қалжырап,
Тау басынан күнді күтіп әр таңда
Қайтқан құстан сәлем айтар балконнан...