13.05.2022
  327


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Сен менің Арманым ең. Төмендеме....

Сен менің Арманым ең.
Төмендеме.
Басыңды ие көрме өлерде де.
Бойымда бір естелік қалған болса
Сенен көрем.
Сен маған Арман болдың сағым-сынды,
Жетем деп жанымменен сан ұмсындым.
Сағым болған өзің ең. Жеткізбе енді,
Сағынумен жүрейін дауысыңды.
Жұлдыз болшы. Сені іздеп көкке кетем,
Жігерсіз боп жасыңды төкпе бекер.
Сенен де бір осалдық көрер болсам,
Ренжіме, өкпелетем.
Бәйгесіне қосылып сан жарыстың,
Бір сен үшін келген-ді самғай ұшқым.
Бірақ менің қай жақтан табыларым
Өзіңмен байланысты.
Сондықтан төмендеме.
Басыңды ие көрме өлерде де.
Мен әйтеуір пенде боп қалар болсам
Сенен көрем.





Пікір жазу