13.05.2022
  215


Автор: Бауыржан Әліқожа

Рахым нұры

 


Жыр етпесем ғаламның рахым нұрын,
Қалатындай әдіра ақындығым...
... Дәнін сеуіп жаһанға ізгіліктің,
Ғаділеттен таймауға шақырды кім?!


Пайғамбарым Мұхаммед (c.ғ.с.) жаны нұрлы,
Ғұмырыңнан аламыз тағылымды.
Не төнсе де басыма өзіңе ұқсап,
Серік ете алам ба сабырымды?!


Көркемдікті келтірдің кемеліне,
Жаратсын деп жамағат керегіне.
Әр сахабаң шоқ жұлдыз адастырмас,
Құнарлы жерге еккен дән өнеді де...


Белесінде – ар, уәде- биігіңнің,
Жаршысы боп нұр шаштың мейірімнің.
Дін, ислам жолында сен жасаған,
Жасай алар ізгі істің түйірін кім?!


Сүйген құлы, досысың бір Алланың,
Парасаттың маздаттың шырағданын.
Шын ұқтырған қадірін шын дүниенің,
Тұнып тұрған өмірің Құран Кәрім.


Хақ елшісі!
О, ғазиз, сүннеті үлгі,
Тура жолға бастадың үмбетіңді.
Ғалам саған қарыздар...
Мың дастанға,
Сыйдыра да алмаспын құрметіңді.


... Көңіліме кірді екен қандай алаң,
Енді қайтып келмейді ондай адам.
Сол заманда туылсам деп қоямын,
Дос болар ма ем, жүрмейтін шалғай одан.


Ойларымды қайтейін, өрістеген,
Жаза алам ба, білмеймін, келісті өлең...
Сен Алланың мүбарак Елшісісің,
Артық қылып жаратқан періштеден!!!





Пікір жазу