13.05.2022
  117


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Неңді аңсаймын мен сенің, неңді аңсаймын?

Неңді аңсаймын мен сенің, неңді аңсаймын?
Мұңға батып қайтамын келген сайын.
Тауы шағылмайтын бұл неткен көңіл,
-Бөтенсің- деп өкпеден тепкенде бір
Кетер еді ит дағы үміт үзіп
Бірақ саған жанымның жібі түзу.
Қандай қасиетің бар аңсайтындай
Мені тарта беретін сарсаң қылмай?
Шаршамас ем, қинайды басқа жағы
Айтқан өзің:
-Сен үшін қақпа жабық!
Не күтемін ендеше, не күтемін,
Бәрібір бір күн қуып тастары анық...
Күте алмаймын ол күнді, өзім кетем,
Мендегі мен сендегі сезім бөтен.
Керек десең, сені енді тыңдамаймын,
Өзгені ойлап тұрасың, ол да қайғым,
Мұңайып айтпа және мұңды әніңді
Бұл жерде жұбатады кім жаныңды?
Сені жалғыз қалдырып мен де кетем,
Таппай қойдым шығар жол өзге, бөтен.
Туралығы тұрлаусыз бұл жалғанды
Құйын ғып көз алдымнан дөңгелетем.
Айдың сәулесін жұтып, жұлдыз жеймін,
Ұсақ қайғы, жанымнан жүргізбеймін.
Мен кетемін. Қимастай кімдер қалды
Күйбең тірлік ішінен кімді іздеймін?!
Қоштасамын сенімен Сағым - Арман,
Мәңгі өшпестей бір шырақ жағып алғам.
Түнегін талқан етіп бұ Ғаламның
Іздеумен күн өткізем Сағынар Жан.
Ауа жетпей тұншыққан улы өсектен,
Жерді де қалдырамын мұң кесектеп.
Керексізді көп біліп кім ұтады,
Бірте-бірте мен сені ұмытамын.
Жаным деп жалғыз ғана ақыл айтам


Ояншы, қасіреттің түні қалың...
Бірдей боп қуаныш пен көңілсіздік
Кетемін өз ішіме өзім сүңгіп.
Көп пенденің көзінде қала берер
Күйбеңмен күн өткізген кезім сырғып.
Сезімімді сөндіріп ұйытқыған бір
Теңіз кешкен мен болам Ихтиандр,
Қиналармын қиналсам жалғыздықтан
Жеңем бірақ оны да. Жұлдыз жұтқам.
Мың мұңымнан тозбас бір бақыт тауып,
Басқаларын өшірер уақыт табы...
Қош бол, жаным, сен мені енді күтпе
Кетемін мен осылай мәңгілікке.
Уысынан құтылып бір адамның
Мәжнүні атанам бұ Ғаламның.
Мен сені жұбатпаймын күнде келіп,
Өзіңді өзің жұбат. Сол жетеді.
Көп күйбеңнен күйінген көңілімнің
Жоғын іздеп кетемін Күнге жерік.
Өкінбеймін. Ешкімді кінәламан.
Ойланғанды қалайды мына заман.
Баяғыдай кезім жоқ лапылдаған
Жана-жана өшпеуге жақындағам.
Нәрестенің көзінен құйып алған
Нұрым барда ала алмас Ақырзаман.
Өмірімді жарық қып көңілдегі Ай,
Мен ешкімді кетемін мойындамай...
Ғаламның ғажайыбын сезінген Ес,
Мен өмірді сүйгенмін, өзіңді емес.
Өкінердей ештеңе жоқ ендеше,
Тек мендегі тылсымды көрем десең
Жалғыздықтан жаныңды мұң басқанда
Жанарыңды жоғалтып түнгі аспанға
Бір қарарсың.
Сол кезде Жұлдыз құлап,
Көңіліңді мендегі нұр қыздырар.
Қарашығыңда тұнған Ай сәулесін
Куә қылып:
-Жетемін, қарсы ал- деші...
Мен білетін Әлемнің келбеті бар,
Бәрін ұғам көзіңнен сөзге құмар
Көзіңнің тым тұңғиық айдынында
Саған Өзің, ал маған Өзге тұрар...
Білем бәрін. Жүргенін қиын тиіп,
Көңіліңе көп ойдың үйін тігіп
Жатқандығын білемін ауыр басып
Содан қалай жүрегің ауырмасын?
Сезімге сыз түсірмей, көңілге кір,
Менің-дағы бір сурет көзімде жүр


Қазіргідей есімде, қарағым-ау,
Жақын тұтып, мұң шағып егілгенің.
Жұбанбасың білдім бе, жұбатпағам,
Елес кезіп, есімді мұң ақтаған.
Қуантпақшы болғам-ды өзім емдеп,
Сондағыма әлі күн егілем кеп...
Қайтемін, қолдан келер ештеңе жоқ,
Көрмеген сын қалмады, кешпеген от.
Екеумізге Бақыт та, Уайым да ортақ,
Сол баяғы мұңсыздау шағын аңсап
Жүрегім тыным таппай әлденені
Іздейді.
Жанымыздың сол ма еді емі?
Саған ем менің анық таба алмасым,
Соны ойлап өз-өзімнен қалам жасып.
Сағыныштан сарғайған саф көңілім,
Сен енді ағармашы, ағармашы...
Тербетеді ойлардың көп бесігі
Күүнге жетер өзіңе жетпес үнім.
Көктеменің үп еткен самалымен
Тарап кетем Жер менен Көкке сіңіп...





Пікір жазу