Күздің желі күрсінуде аһылап...
Күздің желі күрсінуде аһылап,
Сенің ғұмырың бітер енді, Жапырақ.
Қысқа өмірің өте шыққан бір жаздық
Көңіліңе сенің етіп тұр ма аздық?
Жел өтінде дір-дір етіп қалтырап
Тұрсың бүгін.
Уақыт сені алтындап
Қойғанымен қайран ғұмыр сарқылмақ.
Жауап бергін: Сені күткен бар сұрақ.
Еске алуға дәтің бар ма өткенді-
...Таңғажайып бір таңында көктемнің
Бұтағыңның буынынан бүр жарып
Жарық дүниеге келгеніңде ырғалып
Сен нәр алған уызыңның үрпінен
Тамыр саған айтқан еді бір тілек,
Сен көктедің дүркіреп.
Сәуір сепкен жылы жауын сіркіреп
Сабағыңнан қытықтағанда шашырап
Тамырыңды еске алдың ба, Жапырақ?!
Самалменен сылқ-сылқ күліп сен ойнап
Тұрған кезде туу тереңде сені ойлап
Топырағында тарамдалып нәр жиып
Тамыр жатқан саған сыйлап байлығын.
Сен ол кезде не екенін қайғының
Білген жоқсың.
Нұрын төгіп Ай-Күнің,
Сыбдыр қақтың масайрап.
Талайыңа түскен еді қашан дақ?
Бүгін, міне, жел өтінде дір қағып
Түсің қашып тұрысың-ай сұрланып.
Енді аз күнде тіршіліктің көші ұзап
Кетер енді.
Тамырыңды есіңе ал.
Бұтағыңнан дауыл үзіп күні ертең
Топыраққа айналарсың жауын құрты күнелтер.
Жеткен кезде Тамырыңның алдына
Көп күнәңнің азабынан қалжырап
Аруағыңды отына ұстап бір кесір
Өзегіңде өкініш қап жүрмесін...