13.05.2022
  108


Автор: Сайламқан Мұстақиұлы

Үйімде ұясы бар қарлығаштың

Үйімде ұясы бар қарлығаштың,
Тоқыма бөрігіндей қарындастың.
Қарлығаш əнін айтып отырыппын,
Көктемде келмей сені сағынғасын.
Жақсымен көріспеуді жан қия ма,
Қонбассың адассаң да жат ұяға.
Келерсің кешіксең де өз ұяңа,
Қуантып көңілімді қапияда.
Көруге асыққандай дала таңын,
Талпынса ұядағы балапаның.
Ұядан жерге құлап кете ме деп,
Жайылған талай менің алақаным.
Мен шықсам сейілдеуге қыр басына,
Менімен құштар жандай сырласуға.
Ұшасың сен жанымнан жанай жақын,
Əніңді маған əдей тыңдатуға.
Сен жайлы ойласам мен қарлығаш құс,
Басыңнан сенің де өтті қаншама іс.
Адамға жақсылықты жасаймын деп,
Бойыңды кернеді екен қандай бір күш.
Ауырған жылан патша тəні неден,
Жазбаққа тəуіп адам қаныменен.
Баланың қанын сорған сұм сонаның,
Алғансың тілін жұлып алдыменен.
Əділет жүрегіңда аппақ арың,
Қорықпай қаһарынан аждаһаның.
Қанатың, құйрығыңды жұлдырсаң да,
Бермедің аждаһаға адам қанын.
Жасаған сол ісіңе бабам да сый,
Сен ұя салған сол бір ақ орда үй.
Көшпеген жау келсе де ұя бұзып,
Атанған сол ісімен «Қарлығаш би».
Ақылмен жауын жеңген Төле бабам,
Қорғаған сені де аман, елін де аман.
Қарлығаш жақындығын адамзатпен,
Білуге құлқы бар ма бүгінгі адам.
Көрмейміз сені бүгін қалалардан,
Жаныңда сенің ауыр жараланған.
Сен жайлы аңыз да бар əн мен жырда,
Өшкіндеп бара жатыр саналардан.





Пікір жазу