Бай жоғалсын демеймін мен ұрандап
Бай мырзалар саяхатта, сайранда,
Би билеңдер қыздарменен майданда.
Көлге барып шомылыңдар шолпылдап,
Жағадағы құмға аунап қайранға.
Одан қалса хаузың бар, саунаң бар,
Ішің қызса қарға жатып аунаңдар.
Байлықпенен билік тамыр ежелден,
Бастықтарды өздеріңе баураңдар.
Сөйтіп бір кез дəурен сүріп кетіңдер,
Қызығына бұл жалғанның жетіңдер.
Ахиреттік өздеріңмен теңдесер,
Аш-жалаңаш жесірлер мен жетімдер.
Зұлымдықпен мал жимаса алайда,
Момын байды жек көрмеген Абай да.
Жаратқанның разымын ісіне,
Жүз кедейді жан бақтырған бір байға.
Шөп шықпайтын секілді бір тақырға,
Байлық тұрмас байдан басқа пақырға.
Бұл сөзіңе дəлел тапшы десеңіз,
Мойын бұрғын кешегі өткен ғасырға.
Салып кеткен қанды тарих ізің бар,
Заңдылыққа қарсы шыққан қызылдар.
Байдың малын кəмпескелеп алғанда,
Аз болды ма, ашаршылық қырғындар.
Барлығын да теңшеп қойған жасаған,
Таптық қоғам құрсадағы тасадан.
Бақыттың да ірге тасы байлықта,
Бақыттымын дей алар ма, аш адам.
Бас сүйектен қаланса да тұғыры,
Қанша ұзын болсадағы құрығы.
Кедей құрған «Кеңес» атты үкімет,
Кедейлесіп құты қашып құрыды.
Пролетарлық берілгенде сезімге,
Кедейлікті мақтан еттік кезінде.
Құрт-шабаққа көлшік суы жетеді,
Жайын балық мұхиттар мен теңізде.
Бай көп болса, қарны тоқ кедейдің,
Еш уақытта байлық жаман демеймін,
Мақсатымыз кедейліктен құтылу,
Қарау байды қара өлеңмен шенеймін.
Байлық қой сол сақтап қалған халқыңды,
Ұлттық дəстүр санаменен салтыңды.
Не болып ед кеше таптық қоғамда,
Тастан құнсыз көрсеткенде алтынды.
Бай мақтанса дейтін сөз бар табылар,
Тыраштанса кедей жомарт шабылар.
«Жоқ жомарттың қолын байлар» дегендей,
Бар мен жоқтыңдағы екі жағы бар.
Тіліңді де, дініңді де, білімді,
Құндылығың бізге жеткен бүгінгі.
Сақтап қалған арыстары Алаштың,
Тап жауы боп нысанаға ілінді.
Мал қадірін білген пысық бай болар,
Тілегіне талабы да сай болар.
Жалқау жарлы тапқанынан шашқаны,
Ондайларға тегін байлық қайда бар.
Байлығың да берекеге құралмақ,
Оңайда емес байлықты ұстап тұралмақ.
Жомарт байлар көбейсін деп тілеймін,
Бай жоғалсын демеймін мен ұрандап.
Байлық жалғыз бақыт емес мал жиған,
Малай ұстап құс төсекте шалжиған.
Байлықпенен бақыттың да бастауы,
Алла жолы ақиқат пен ар, иман.