13.05.2022
  113


Автор: Сәуле Досжанова

Аударылып жырлары алуан ұлттың тілінде...

Аударылып жырлары алуан ұлттың тілінде,
Естеліктер ол жайлы жазылуда бүгінде.
Бірақ ешкім шынымен ақтарылып, кеткен сол,
Запыранды айтпайды ғашық жүрек түбінде.
Сол күйікті бассам деп шарап ішіп улаған,
Сол күйіктің дертінен арғымақша тулаған.
Дәл сол шақта иіскеп маңдайынан бір сүймей,
Ұлы ақынды өсектеп, төңірегі шулаған.
Кетпеу үшін беріліп, көзсіз долы ашуға,
Жазушылар үйіне жан күйігін басуға
Бара қалса, алдынан шыға келер сыншылар –
Даяр тұрған дұшпандар жан жарасын қасуға.
Содан қайта өршиді күйіп тұрған жүрегі,
Сондайда бір «жанашыр» табыларын біледі.
Ілесіп ап соларға уды басып уменен,
Ағыл-тегіл масайрап, өлең оқып жүреді.
Ал, бұл Мұқаң ондайда шалқып жатқан теңіз-ді,
Пегасымен құйғытып, Поэзиямен егіз-ді.
Поэмадан поэма, әр түн сайын қағазға,
Тастап кетті артына өшпейтұғын көп ізді.
Ғашық жүрек ондайда іздейтін жан серігін,
Қыздыратын жырымен көңілінің көрігін.
Сондай нәзік жүректі,
Сүттей таза көңілді,
Жігіт еді ғажайып, кімдер неден жеріді.
Буы ма екен шабыттың,
Уы ма екен шараптың
Араларын суытып, абақтыға қаматты.
Қарасазда жүргенде қос қарлығаш ардақты,
Алматыға келгенде неге жерге қаратты.
Бақ бұйырмай өтсе де,
Тақ бұйырмай кетсе де.
Енді ондай жан тумас Алатауға ексе де.
Сол біртуар ақында қара халық білмейтін,
Бір әлсіздік болатын Ахиллестей өкшеде.
Сол әлсізі– жүрегі,
Сол нәзігі– жүрегі.
Содан туған жырларын кей сыншылар іреді.
Содан туған жырлардың жолын санап баспагер,
Содан туған жырларды жұрт табыс деп біледі.
Жыр сүйдірді ақынды,
Жыр күйдірді ақынды.
Күйген сайын жүрегі жанартауша атылды.
Ұлы ақынды аяулы халқын мәңгі сүйетін,
Суық қоғам қорлады, қорлағандай пақырды.
Жан сезімі болмаса,
Жар төзімі болмаса,
Ақылды айтып үйрету дегеніміз далбаса.
Ғашық жүрек жабығып кетпес па еді жарылып,
Махаббатты алғашқы мейірімге жалғаса.
Бәрі жақсы жасында,
Бәрі жақсы басында.
Қайдан ғана шығады жаман адам ашынған.
Ақ пейілмен жүрсе де, ақ көңілін білсе де,
Өз-өзінен көбейер дұшпандарың досыңнан.
Ішіп келсе – кешіріп,
Ісіп көрсе – өсіріп,
Отыратын кімі бар, қайта кетер есіріп.
Ақын достар әнеки, қалт еткенін аңдыған,
Жақын достар әнеки, көңілін сырт көшіріп.
Өмірдің сол құрғаны,
Тас төбеден ұрғаны.
Соңғы кезде барлығы батырады тырнағын.
Айналасы салқындау, сезінбейді дүние-ай,
Өздерінің жолында болып жүрген құрбанын.
«Айналайын, көкең тек,
Сендер үшін тепеңдеп,
Тірлік жасап жүр еді, енді қайтсем екен?»,- деп.
Барлығынан түңіліп, мойынына арқан сап,
Кетсем дейді мәңгілік ұйықтап жатар мекендеп.
Сап сап көңіл, сап көңіл, ақын еді ақ көңіл,
Көзі түссе тесіктен, сыртта жайнап жатты өңір.
Көз алдына тізіліп балалары келді де,
Күтіп тұрған сияқты болды алдында жақсы өмір.
Әлсіздікті талқан ғып,
Лақтыра сап арқанды.
Қайта шықты күреске өлеңдерін қалқан ғып.
Өлмейтұғын махаббат жырын жазып ұрпаққа,
Көңілдердің көгіне жарқыратты Шолпан ғып.
Осылайша естілмей жүрегінің соққаны,
Сөне берді-ау жанарда лаулап жанған оттары.
Әділетсіз өмірмен қоштасқандай ышқынып,
Ұлы ақынның жүрегі мәңгілікке тоқтады.





Пікір жазу