13.05.2022
138
Күнделіктер жабырқатты менің нәзік жанымды...
Күнделіктер жабырқатты менің нәзік жанымды,
Тасытты кеп кеудемдегі аққан қызыл қанымды.
Адамдар-ай сонша неге саңырау боп, соқыр боп,
Сөндірем деп арпалысты лаулап жанған жалынды.
Күнделіктер ақын жазған құлазытты, шаршатты,
Сол заманда-ақ, қайран ағам дүниеге жар сапты.
Жазып, жазып ақ қағазға қырық бес-ақ жасында,
Тәрк етіпті, дүниені, қуанышты, мансапты.
Кете барды, өте барды күнделіктер қалдырып,
Аурухана төсегіне улы шарап алдырып.
Мына жарық дүниеге сия алмастан, қимастан,
Қарай-қарай кейінгіге екі көзін талдырып.
Ақын жазған күнделіктер жанарымды сулаған,
Менің нәзік, сенгіш, адал жүрегімді улаған.
Жыр тұлпары кете барды, қапаланып, мұңданып,
Менің үшін ғұл ғаламда мұндай ақын тумаған...