Ару Сырдың жағасында
«Ару Сырдың көрсетем деп аққанын»,-
Алты қанат үй тіктіріп шаттанып,
«Ақарықта» ала жаздай демалдық
Өмірі естен кетпейді сол шақтарым.
Сыр сияқты толып ағып сезімің
Ағы менен қарасындай көзіңнің
Айнұрың мен Әселіңе көрсеткен
Дәурені еді дәуірлеген кезіңнің.
Сұлу Сырдай тұнып аққан шілдеде,
Туған жерде жоғалтқандай бірдеңе
Кетуші едің мың ойлап, жүз толғанып,
Күтуші едім бәйбішедей іргеде.
Асып-тасып кемеріңнен Сырға ұқсап,
Оралушы-ең шабыт алып бір құшақ.
Өзен бойлап келе жатқан алдыңнан
Шығушы едім көктен түскен нұрға ұқсап.
Сыр бойында қыз-жігіттей табысып,
Жанарларда бір қуаныш жарысып.
Атқа мініп қыдырушы-ек дәурен-ай,
Жақындассақ қос үзеңгі қағысып.
Соның бәрі кеше еді ғой, кеше еді,
Есіме алсам сағынышым өседі.
Сырда өскен арманшылдау жігіттің
Махаббаты көкейімді теседі.