Еркектерді қорғау
Ғашықтық жайлы жер-көкте
Ғаламат жырлар өреді.
Ғасырлар бойы еркектер
Әйелді жырлап келеді.
Әйелге арнап сезімін,
Еркектер естен танады.
Махаббаттарын өзінің,
Өнерлеп сурет салады.
Әйелге арнап мың тілде
Жазылды кітап қаншама.
Әйелді сүймеу мүмкін бе,
Тас жүрек еркек болса да.
Әйелді сезбеу мүмкін бе,
Еркекке өзін бағалар.
Шын сүйіп өткен бір күнге
Мың күнің құл боп жоғалар.
Бастарын тігіп жолына,
Әйелдің болып құрбаны.
Қайда да еркек қолына,
Гүл ұстап келіп тұрғаны.
Қаншама ғасыр осылай
Еркектер жырлап келеді,
Үшінші мың жыл досым-ай
Бізге енді кезек береді.
Қанеки, қыздар біз енді,
Еркектер жайлы жазайық.
Қорғаумен жүріп біздерді,
Байғұстар қапты азайып.
Болсын деп енді жыр басы,
Жазылды осы бір өлең.
Еркектің ғажап тұлғасын
Жырға орап жұртқа жіберем.
Қазақтар ерсі дегенмен,
Дәстүрді бастап жаңаша,
Еркекке арнап өлеңмен
Бастадым кітап тамаша.
Сезімімді айтып жарыма,
Өлеңмен өрем сырымды.
Жолына қарап сарыла
Төгемін жүрек нұрымды.
Жүргенмен өзін мият қып,
Жарымның жаны тым нәзік.
Алғашқы балам сияқты,
Еркелетемін жыр жазып.
Қасиет тұтып әр ісін,
Қабағын бағып жүремін.
Өмірімнің онсыз мәнісі
Болмайтындығын білемін.
Қанеки, құрбым, еркекті
Аялап жырға бөлейік.
Біз үшін олар тер төкті,
Жатырмыз содан көбейіп.