12.05.2022
  620


Автор: Сабырхан Асанов

Жазығым не, өзіңді сүйгенім бе...

Жазығым не,
өзіңді сүйгенім бе,
сүйгенім бе, отыңа күйгенім бе.
Жүрегіңнің жұрт ұқпас сырын ұғып,
ешкімге айтпай,
ішіме түйгенім бе.
Жазығым не,
балқып тіл қатқаныңда,
аш беліңнен ақырын тартқаным ба,
құлап кетер секілді көрінген соң,
ақ білекті мойныма артқаныңда.
Жазығым не,
жаныңа ергенім бе,
жанына еру арудың ерге мін бе.
Тау басынан түрлі гүл тергенімде,
түгел бәрін өзіңе бергенім бе.
Жазығым не,
айтқанда бұлақ әнін,
айыра алмай, күлгенін, жылағанын,
бар дүниені ұмытып сенен басқа,
қалжырап кеп қасыңа құлағаным...
Жазығым не,
мен әлі түсінбеймін,
бар ма әлде жазған бір ісім деймін.
Өзің – жұмбақ,
шеше алмай өзім – жұмбақ,
өтіп жатыр бұлдырап түсімдей күн.
Қара асфальт жол секілді көші алмасқан,
қилы өмірді бұл адам кешер бастан.
Мені әрдайым қинайтын сол жұмбақты,
өзің де әлде жүрмісің шеше алмастан?!





Пікір жазу