12.05.2022
  169


Автор: Сабырхан Асанов

Басыңнан айналайын, қара алтыным...

Басыңнан айналайын, қара алтыным,
өзіңді ойласам, жан алар тыным.
Сен бе едің алып жүрер ақ періштем,
астына аман сақтап қанатының.
Біреулер сап-сарым дер, аппағым дер,
сонымен ақ-сарысын мақтадым дер.
Мен үшін жетіп жатыр қарасы да –
өзіңсіз атпа таңдар, батпа күндер!
Отырған жоқпын қайғы, аза тілеп,
өзіңсіз мына өмірдің қажеті не?!
Өзіңмен күлім қағып көктем өтіп,
тап келіп тұрмын аптап жаз өтіне...
Кіргізер тірлігімнің берекесін,
сен ғана маған қуат, бел екенсің,
жадырап жайнаң қағып күлсем, күліп,
жыласам, жылайтын да сен екенсің.





Пікір жазу