12.05.2022
  192


Автор: Сабырхан Асанов

Арқаңда сенің қыран боп көкте жиі ұштым...

Арқаңда сенің
қыран боп көкте жиі ұштым,
арқаңда сенің
ақ таңмен талай сүйістім.
Аспан бір аунап,
жерге бұл түсіп кетсе де,
мен сені, жарым,
бақытты етуге тиіспін.
Арқаңда сенің
Алатау астым, гүл тердім,
мекен де еттім
таң алды қасын үркердің.
Арқаңда сенің
кішіге күнде пана боп,
қарғысын емес,
алғысын алдым үлкеннің.
Арқаңда сенің
еліме еттім мен еңбек,
еңбегімменен
келешек күнге енем деп.
Осының бәрі
боп жатса сенің арқаңда,
қабағың бағып,
елеңдеп тұрам, елеңдеп.
Рақмет, жаным,
ұл бердің маған, қыз бердің,
өшпейтін мәңгі
өлмейтін мәңгі із бердің.
Көңіл де бердің,
өмір де бердің шуақты,
азсынып мұны,
үлесті басқа іздер кім?!
Арқаңда сенің
аймағым гүлдеп, көктеді,
алдыма түсті
арманым құлап көктегі.
Арқаңда сенің
аз басым асып, көбейіп,
бауырларым да
бөтен боп, жат боп кетпеді.
Қатем көп болса,
күн сайын кештің, сүйіктім,
татсаң да жиі
кермек бір дәмін күйіктің.
Бара ма аузым
сенде де болды-ау деуге әсте,
сен биік болсаң,
мен де әркез, жаным, биікпін.
Жаралсам-дағы жүрегі
жүрегі жалын ақын боп,
көктемде ойнап
көктегі отпен жақын боп,
ер ғой деп біліп
ұстасаң өзің етектен,
ер болмауға
тіпті де менің қақым жоқ.
Арқаңда сенің
қыран боп көкте жиі ұштым,
арқаңда сенің
ақ таңмен талай сүйістім.
Аспан бір аунап
жерге бұл түсіп кетсе де,
мен сені, жарым,
бақытты етуге тиіспін.





Пікір жазу