12.05.2022
  125


Автор: Сабырхан Асанов

Бірде жаз боп үй ішін тұрам өртеп...

Бірде жаз боп
үй ішін тұрам өртеп,
бірде қыс боп
қаһарды құрам ерте.
Бірде күліп,
біресе күйіп тұрсам,
не болды деп себебін сұрама, еркем.
Ұрынарға біресе қара таппай,
жас үйірем көзіңе қарақаттай.
Біресе өткір пышақ боп ақ жаныңды,
аямастан беремін жарақаттай.
Тиісемін,
орынсыз тиісемін,
сәтте ұмытып онымды, сүйісемін.
Көп құбылған,
күніне көп өзгерген,
көңілімнің қинайды күйі сені.
Кейде, білем, кеудеңе толар кегің,
қой, қой оны,
қоймасаң, тонар мені...
Жұрт секілді
жап-жайлы жар боп тусам,
жарығым-ау,
мен ақын болар ма едім?!





Пікір жазу