12.05.2022
274
Өтіп кеткен күндерді ойлап, жасарамын мен кейде...
Өтіп кеткен күндерді ойлап,
жасарамын мен кейде,
жылдар артқан жүкті арқалап,
сен де, жаным, еңкейме.
Елу деген немене ол –
жігіт жасы, қыз жасы.
Баяғы сән, көріктерді...
бәрін, бәрін бұзбашы.
Кемітпеші күн күлкіні,
кемітпеші көз нұрын.
Қайта асырсын бұлғалаңдап,
қайран бұрым өз құнын.
Ауырлатпай, ауыр тартпай,
басшы аяқты жеп-жеңіл,
секілденіп қанат қаққан
жел дағы бір сен де бір.
Жанарды арбап жалт қарашы,
жайтаңдашы, елігім,
қалайын мен қайта жанып,
қайта еліріп, елігіп...
Өтіп кеткен күндерді ойлап,
жасарамын мен кейде,
жылдар артқан жүкті арқалап,
сен де, жаным, еңкеймен!