12.05.2022
  120


Автор: Сабырхан Асанов

Елу беске келдің бүгін, қарағым...

Елу беске
келдің бүгін, қарағым,
елу алты
дегенге де қарадың.
Бара жатса
жасың сенің ұлғайып,
мен де алдыңа
түсіп кетіп барамын.
Елу беске келдің бүгін, шырағым,
елу бес жыл
талқысына шыдадың.
Елу бес жыл
биік тұрдың,
тік тұрдың,
елестетіп
шыңның шырқау шынарын.
Елу беске
келдің бүгін, алтыным,
оған бірақ
жеткен жоқсың алқынып.
Орнында әлі
жүрегіңнің дүрсілі.
орнында әлі
жанарыңның жарқылы.
Елу беске
келдің бүгін жан-жарым,
өзің барда
жырға толы жан-жағым.
Өзің барда –
таусылмайды қызығым,
өзің барда –
басылмайды жанғаным.
Барар жерге
бармағанмен жасымда,
қанша ауру бар
жалғыз менің басымда.
Отыз бес жыл
біздер бірге жасаппыз,
енді қанша
жүрер екем қасында.
Көп тілектің
қайсы бірін атайын,
десем дағы;
бүгін бір тіл қатайын;
Жүзге қарай
жүре бер сен жүдемей,
мен де бірге
кетіп бара жатайын.





Пікір жазу