12.05.2022
  170


Автор: Сабырхан Асанов

Өттің бе, аға, өттің бе?

Өттің бе аға, өттің бе,
лаулаған жалын от күнде.
Орындалып жатқанда,
тілегі мынау көптің де.
Қанаты едің көктің де,
жерінді жаннат өптің де.
Таңдарға таңда шың іліп,
өттің бе, аға, өттің бе!
Шынымен аға, өттің бе.
Күндер бір есте, есепте,
мінез ең,
жан ең кесек те.
Бірі емес едің бұл жұрттың,
әйтеуір жүрген есепте.
Жоқ едің пасық өсекке,
өртенсін,
өшсін қос өкпе.
Батып бір кетті бұл ісің,
кім қалар өлмей десек те.
Байланды,
тілім байланды...
Асырып жұрттан айламды,
тірінде мақтап өтірік,
көрген жоқ едім пайданды.
Білгенде жоқ ем пайданды,
қайда әлгі деп бір, қайда әлгі
көргенде, бірақ, сыртыңнан,
көңілім қанша жайланды.
Айтатын жерде айтарым,
шабатын жерде шабарым.
Тегіс бір жерде жүріп-ақ,
тайып бір кетті-ау табаның.
шаш дағы болдым, ағардым,
қабақ та болдым, қабардым.
Қажетті күнің боп қалса,
мен сені қайдан табармын.
Ағалар өтсе, ағам көп,
кеудемде қызық қазан боп.
Ойлап па ем бірге жүргенде,
мен саған жоқтау жазам деп.
Етпедің елге аз еңбек,
термелеп оны жазам көп.
...Көп құлап асқар тауларым,
берілді менің сазам көп!..





Пікір жазу