12.05.2022
  181


Автор: Сабырхан Асанов

Не боп кетті бұл заман, Абай аға...

Не боп кетті бұл заман, Абай аға,
күн көреді мына жұрт қалай ғана.
Киімдері тозған соң, жамала ма,
қарны ашқан соң, кездері алая ма?!
Тарыққан соң көл көңіл тартыла ма,
тартынғанмен, жоқ нәрсе артыла ма.
Не боп кетті бұл заман, Абай аға,
қиын боп тұр жасыңа, қартыңа да.
Күлкілері бойына тармастан,
әңгіме боп келелі іс қаралмастан,
отырып-ақ қалды ғой үйлерінде,
шақырмаса, қонаққа бара алмастан.
Тірі емес пе ем,
отырмас ірі емес пе ем,
асқар тауға арқасын тіреместен.
Мен де кеттім қайтейін кішірейіп
мен де сол бір көп жұрттың бірі емес пе ем.
Десем дағы өр өстім, ер өстім ғой,
көрсеткені-ай уайым-елестің бой:
күңіреніп жыр жазып жата берер,
Аға Сұлтан баласы емеспін ғой...





Пікір жазу