12.05.2022
  143


Автор: Сабырхан Асанов

Шаршадым қым -қуыт бұл заманадан.

Шаршадым қым-қуыт бұл заманадан,
қалады қайтсе бұдан аман адам.
Көтеріп қу-сұмдарын аспанына,
аямай арлыларын алалаған.
Білмеймін кіммен, немен мақтанамын,
сияқты атпаған да ақ таң әлі.
Шаңқайтып шәпке киген бір кісідей,
еді ғой бар сияқты бақ-талабым.
Басқандай бірін емес, мыңын қайғы,
пенделер ән салмайды, ыңылдайды.
Көре алмай кеше күнін жүргендері,
дегендей «күнім туды» жымыңдайды.
Жебірлер жайласа ауыл, ақ қаланы,
жүрегім шаншымастан шақ қалады.
Көп айтып өтірікті қалған басым,
тағы айтып қалам ба деп сақтанады.
Келеді сосын ұзақ үндемегім,
үндемей және қалай күн көремін.
Соңыма түсіп алды қарақшыдай,
сумаңдап күн де менің, түн де менің.
Көрем де сұп-сұр сұрқын қанағыштың,
теңгені,тиынды да санағышпын.
Келмейді киім кигім дүкен барсам,
келмейді базар барсам, тамақ ішкім.
Секілді сыры да ұсақ, жыры да ұсақ,
жаймастай жақынның да бірі құшақ.
Есікті түнделетіп қақса біреу,
көрінеді бау кеспе ұры құсап.
Бұл не заман үрей мен күдік буған,
рең қашқан қылықты, құлықтыдан.
Кінәсіз кең дүниенің келешегі
сәбилер не болады күліп туған.
Жетпейді бір нәрсеге миым бүгін,
Секілді кейбір кезде тиын-құным.
Аға боп алшаң басам деген кезде,
тартты алға тағдыр қалай қиындығын?!
Мен дағы бірі емес пе ем бірегейдің,
Күнім де күніндей боп жүр өгейдің.
Көрсем де қанша кұқай, күйінсем де,
халқым, саған жамандық тілемеймін.





Пікір жазу