12.05.2022
117
Күн жарқырап, нұрланса да ай күліп...
Күн жарқырап,
нұрланса да ай күліп,
қабағымды қарс жапқан күйімде,
бар дүниенің қамын ойлап, қайғырып,
отырамын кейде оңаша үйімде.
Майырылып жүзі мүлдем біткендей,
көкірегімде күмілжісе өткірлік,
жалғыз менің шешіміміді күткендей,
сыртта тынбай тыпырлайды көп тірлік.
Сыртта тұрар тосып айтар сөзімді,
арқалаған азабы мен дозағын,
мұңдандырып менің екі көзімді,
өзі дағы мұңға батқан қазағым.
Бар үміті менде екенін білдіріп,
шуласа олар,
тіл қатпақ боп жиналам.
Бірақ, достар, бір нәрсені бүлдіріп
алам ба деп өзім және қиналам.
Емеспін ғой елдің мынау құрдасы,
Дейтін сонау тереңнен ой алғыздым.
асқар ала тау болса да тұлғасы,
ақылынан қорқамын мен жалғыздың.