Дала даусы
Күңіренем,
күңіренем,
күңіренем,
ұйқысы
қашқан жандай түніменен.
Беймәлім
болашақтан, келешектен,
арса-арса
болып жатып түніменен.
Сыңсимын,
қамыстай боп шуылдаймын,
ақпастан
қалған сырдың суындаймын.
Қақсап бір қатты ауырған бастай мең-зең,
аяқты
бастырмайтын буындаймын.
Өксимін,
өксимін де өрттей жанам,
түйір нан
тамағынан өтпей қалған,
ағайын,
әй, ағайын бүйте берсең,
бір күні
жазылмайтын дертке айналам...
Жығылған
тіршіліктің туындаймын,
қайғы мен
қасіреттің уындаймын.
Ағайын,
әй, ағайын, абайлаңдар,
бір өліп
кетсем, қайтып туылмаймын.
Сатпандар
мата емес, бөз екен деп,
сақтаңдар
өткеннің бір көзі екен деп.
Өкініп
қап жүрмеңдер, әй, ағайын,
мұнымды айтылған жәй сөз екен деп.
Арманым
секілді еді ақтаңға ұран,
бұл күні
болды ол жанға батқан бір ән.
Өкініп
қалмас үшін өзімді де,
бейдауа
сендерді де сақтандырам.
Көгімде
Күн көлбеңдеп, Ай аунайды,
күндіз-түн
мазамды алар ояу қайғы.
Тынысы
тарылған бір тәндей болып,
соғысы
тамырымның баяулайды