12.05.2022
152
Ұлылығым – есен -сау жүргендігім...
Ұлылығым –
есен-сау жүргендігім,
тау суындай сыңғырлап күлгеңдігім
Алыс-жақын ағайын арасында,
жүрер жол,
сөйлер сөзді білгендігім.
Ұлылығым –
елуге келгендігім,
елу түрлі қиялға ергендігім.
Қызғалдақтай қыздардың қатарынан,
басқаны емес,
дәл сені көргендігім.
Ұлылығым –
елуден асқандығым,
алпысқа да қадамды басқандығым,
Жүрегімнен күн шығып,
көктемдей бір
құшағымды өзіңе ашқандығым.
Ұлылығым –
әлі де сау болғаным,
жансам да ұзақ
жалықпай лаулағаным,
Қайғыртсаң да қаншама,
қапа болмай,
өз көңілімді өзімнің аулағаным.
Ұлылығым,
барлығы ұлылығым,
ұғармысың бір күні мұны күнім,
Махаббат деп аталар енесінің
соңынан қалмай жүрген құлынымын...