12.05.2022
169
Денсаулық -ай, байладың ғой бағымды...
Денсаулық-ай,
байладың ғой бағымды,
сынбас жерде сындырдың ғой сағымды.
Жұрт алдына шыға алмаймын жарқырап,
бәлкім, жұртым мені дағы сағынды.
Бәлкім, жұртым мені дағы іздейді,
менен дағы күдер, үміт үзбейді...
Қайда жүр ол қанша көктем келгенде,
кеткен кезде қанша және күз, дейді.
Ал, мен болсам, буырқанған күйімде,
қосыла алмай көп дүбірлі үйірге,
жалтақ-жалтақ қарап жалпақ еліме,
отырамын елегізіп үйімде.
Сонда да, елім, мен емеспін түңілген,
сен емес пе ең терендерге үңілген –
теледидар,
мінбелерден іздеме,
ізде мені жүрегіңнің түбінен!
Қанша таңды тебіренумен атырдым,
қанша кешті теңселумен батырдым.
Ізде, ізде жүрегіңнің түбінен,
жылт-жылт етіп сонда жанып жатырмын...