12.05.2022
  143


Автор: Сабырхан Асанов

Абай аға

Саған арнап өлең жазып,
ақша алып жатыр жұрт,
бұл не деген көзжұмбайлық,
бұл не деген батырлық.
Сол ақынның келмесе де
бәрі бірдей бәйгеден,
сол өлеңнің болса екен-ау
біразы іске татырлық.
Абай-аға, аз күндегі
аласұрған мұңымды ұқ,
кейде серік таба алмаймын
атау үшін ырым ғып.
Өлең аты кетер ме еді
өшіп мынау өмірден,
сенің атың тұрмаса егер,
кешіне боп мұрындық.
Бір қасірет бара жатыр
қазынамды ойран ғып,
үлкен кіші тұра қалып,
аң-таң қалдық, ойландық.
Ел алдына топ-топ болып
шыға-шыға келдік те,
шу-шу етіп сөзін сатқан
сәудегерге айналдық.
Бүкіл әлем басын иген
ақыл қайда, ес қайда,
арым қайда – нарым қайда
ойламайтын еш пайда!
Елім қайда, жұртым қайда
күнмен бірге күлімдеп,
елім қайда, жұртым қайда,
бетін тосқан кешкі айға!
Қайда әруақ қасиетті
арыстанша ақырған,
барады ғой менде үзіліп,
ақырғы жыр, ақырғы ән.
Қайран далам елестейді
кейде өңшең қу болып,
төмен қарап тұқшың қағып
ақша санап отырған...
Қарқылдаған қалың қарға
аз бұлбұлға мін айтар,
бақша-бауын тартып алар
күндіз-түні сыр айтар.
Сен де жоқсың, тарыққанда
арқа сүйер асқарым,
сен де жоқсың, бұл сұмдықты
мен айтпасам, кім айтар?!





Пікір жазу