12.05.2022
  111


Автор: Сабырхан Асанов

Көзіңменен шақпашы мұңыңды, жаным...

Көзіңменен шақпашы мұңыңды, жаным,
көтере алмас жүрегім мұныңды, жаным,
Қысқа өмірде мен байғұс қиналдым қанша,
қысқа өмірде мен қанша күліп-жыладым.
Арман деген алынбай қалар ма асқар,
аппақ етті басымды ағарған шаштар,
Көңілім менің түнерген түнек еді бұл,
жарқыратып төрінде от жағар ма жастар.
Кәріліктен өзімді қаштым ғой алып,
шайқалады шың-құзым тасқынға оянып.
Көзіңменен маған мұң шағасың босқа,
мен болмасам,
сен жассың, жассың ғой әлі.
Дауылменен шақта бұл терек ойнаған,
бар амалым біткен соң, терең ойланам.
Қапаланып қалсам мен– баратын жер жоқ,
баратын жер жоқ дейтұғын– келе ғой маған.





Пікір жазу