12.05.2022
  125


Автор: Сабырхан Асанов

Жас болып өткен, мас болып өткен күндерім...

Жас болып өткен,
мас болып өткен күндерім,
шамдай күндіз, самала отты түндерім,
бақшы-баудан,
ақша таудың қасынан,
емін-еркін естілген шат үндерім.
Жас боп өткен,
мас өткен шақтарым,
таза мөлдір тас бұлақ боп аққаным.
Шуақ-нұры кең әлемге жайылып,
жарқыраған ақ таң болып атқаным.
Жас боп өткен,
мас боп өткен... өткенім,
көзді арбаған көкшіл мұнар көктемім.
Әр тамшысы аулақта гүл аялап,
асықпастан ақ жаңбыр боп төккенім.
Өткенім-ау,
бір жолата өткенім,
саған айтар өкпе-назым көп менің.
Тамшы жасым таңғы шықтай мөлтілдеп,
көрсең еді домалап бір кеткенін –
өткенім-ау,
өткенім!





Пікір жазу