12.05.2022
  122


Автор: Сабырхан Асанов

Көктемім әлі біткен жоқ...

Көктемім әлі біткен жоқ,
біткен жоқ менің көктемім,
тиыла да қойған жоқ
кеш сайын қаңғып кеткенмін.
Жанартау менің жүрегім
жалынын шашып тұрғанда,
бұйлығып үйде отырар
бәз біреу әлде деп пе едің?!
Көктемім әлі бітпесе
арқасы болмас өнердің,
аздау да болып тұрғаны-ай
арманы маған он ердің.
Құлпырып көңіл тұрғанда,
қиялым сейіл құрғанда,
күмілжіген күз түгіл,
жазды да көрмей өлермін.
Көктемім әлі біткен жоқ,
көктемнен әсте шықпасын,
гүлдеген бақша жырынан,
сырынан басқа ұқпасын.
Тұла бір бойды тазартып,
тулаған ойды базар қып,
тамылжыған таңдар да
тап-таза, мөлдір шық бастым...
Көктем әлі біткен жоқ,
жүрегімде қан ойнап,
құбылады қалай тау,
құлпырады қалай бақ.
Іші толған қыз, жігіт,
жүрген жанып, үздігіп,
көкірегім қимастан
көлем әлі қарайлап.
Тыпыршимын күні-түн
тағат сабыр ете алмай,
жететұғын жеріне
жүрген жандай жете алмай.
Көп алаңдай беремін
сол бір базар бақтарға,
ұзап та бір кетпестен,
қосылып та кете алмай...
Қызығы мол қасында
қалмасам да, қалсам да,
тағдыр, басты тігуге
тұратын күн бар сонда.
Не бар қылмай, жоқ қылмай,
не аш қылмай, тоқ қылмай,
таусылмаған көктемім
салдың әуре-сарсаңға...





Пікір жазу