12.05.2022
  129


Автор: Сабырхан Асанов

Біткен жоқ көктем әлі...

Біткен жоқ көктем әлі,
күн нұрын алғасын көп,
қара тал көктеп алып,
құлпырды жап-жасыл боп.
Күн санап қуаттанып,
жасарды кәрі емен.
Қалқама шуақтанып,
қараймын әлі де мен.
Қуантқан көп қаланы,
құсының үні бөлек,
біткен жоқ көктем әлі,
бітетін түрі де жоқ...
Көктем әлі
біткен жоқ, гүл көктемім,
біліп пе едім,
қадірін білмеп пе едім?
Көкірегімде
қайнайды қаншама арман,
көкірегімде
жанады күн көктегі.
Көктем әлі
біткен жоқ, гүл көктемім,
көшесімен
кім оның жүрмек тегін.
Жылап тұрған
жастарды жұбаттым да,
күліп тұрған
жастарды құрметтедім.
Көктем әлі
біткен жоқ, көктем, көктем,
құдыретін жүректің
өктем де еткен.
Бардай еткен,
бағалы, базарлы еткен,
кем күңдерді
басымнан өткен-кеткен.
Бір нәрсені
бұзбаған, бүлдірмеген,
бақытыңның
бар-жоғын білдірмеген.
Күні бар ма
баршаны қуантпаған,
күні бар ма
мұңдыны күлдірмеген.
Табиғаттың
көктемі біткенменен,
көңілімнің
көктемін бітірмедім





Пікір жазу