12.05.2022
  129


Автор: Сабырхан Асанов

Ей, жайнаған тұңғыш нұрлы көктемім...

Ей, жайнаған тұңғыш нұрлы көктемім,
саған деген алғысым мың, көп менің.
Желдей есіп өтсе қанша көктемдер,
сен жанымнан ұзамадың, кетпедің.
Жер-жаһанға жайып аптап, от-лебін,
Жазым келіп қалса дағы– өтпедің.
Сарғайған көп жапырақты жауратып,
күзім келіп қалса дағы– өтпедің.
Қылаулаған қарын төгіп теп-тегін,
Қысым келіп қалса дағы– кетпедің.
Сөйтіп жүріп байқамай да қалдың сен,
жанымызға жаңа көктем жеткенін.
Менен басқа түк көрместен көздерің,
оның дағы өткенін сен сезбедің.
Күлім қағып тұрған сенің қасында,
көз салмадым көркіне де өзгенің.
Жұмысы жоқ өтіп жатқан дүрмекпен,
мен өзіңе көз саламын құрметпен.
Айнымайтын алуан көктем ішінде,
екенбіз-ау екеуміз де– бір көктем!





Пікір жазу