12.05.2022
148
Көктем мені құмар қылды...
Көктем мені құмар қылды
неге осынша өзіне?
оны ойласам, қызыл-жасыл
гүл елестер көзіме.
Оны ойласам, жұпар сепкен
сәуір орнап кеудеме,
нәр бітеді, әр бітеді
айтқан әрбір сөзіме.
Оны ойласам, сылдырайды
құлаққа кеп бал бұлақ,
жағасында жаңа шыққан
жас құрағы балбырап.
Көп нұрланған көк жүзінде
қалқиды ақша бұлттар,
ауық-ауық көзін жұмып,
ауық-ауық қалғып ап.
Оны ойласам, көз алдымда
көлбеңдейді көк егін,
шетсіз-шексіз көк егіннің
айту қиын көлемін.
...Көп машина зырқыраған
көк асфальт жол бойынан
көгалда ойнап қутың қаққан,
қозы лақты көремін.
Оны ойласам, көктің жүзін
құс қанаты жапты кеп...
Жарқ-жұрқ еткен найзағайдай
алаулаған ақ білек,
құшқан кезде, қысқан кезде,
бақыттан бас айналса,
бой балқытып бара жатты
тәтті тыныс, тәтті леп...